Мектеп, полиция және медицина: балалар қауіпсіздігі жолындағы бірлескен жұмыс
07.09.2026
Мектеп, полиция және медицина: балалар қауіпсіздігі жолындағы бірлескен жұмыс
Бүгін Көкшетау қаласында «Заң мен тәртіп» идеологемасын, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын және Қазақстан Республикасында 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру мақсатында білім басқармасы Полиция департаментімен және Психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп, Көкшетау қаласының мектептері мен колледждері директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған «Білім беру ортасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алудың және есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастырудың заманауи тәсілдері» тақырыбында семинар ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, оның ішінде қауіп тобына жататын балалар мен жасөспірімдерді ерте анықтау, сондай-ақ оқушылардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын және есірткіге қарсы тұрақты мәдениетін қалыптастыру.
Семинар барысында қатысушылар есірткі заттарының заңсыз айналымы мен қолданылуына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алудың заманауи тәсілдерін, педагогтер, құқық қорғау органдары және денсаулық сақтау жүйесі мамандары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Іс-шарада Ақмола облысы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі, Аналар кеңесінің мүшесі Разия Талғатқызы Курсанова және Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының Психикалық денсаулық орталығының басшысы Александр Анатольевич Высоцкий спикер ретінде сөз сөйледі.
Мұндай семинарлар мектептер, құқық қорғау органдары және медицина мамандары арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар олар балалар үшін қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған.